Бүгінгі қазақ қоғамында заты мен аты сәйкес келмейтін дүниелер жиілеп кетті. Халық мұны жарнаманың әсері дейді. Алайда, бүгінгі әңгіме жарнама жайында емес, затынан алшақ есімдер турасында болмақ. Ия, дүниеге келген күннен азан шақырып қойылған есімдеріміз затымызға неліктен сай келмеуде?

ХХІ ғасырдың заманауи қазақ қоғамында белең алып келе жатқан мәселелердің бірі – ұлттық нақышынан айырылған есімдердің көбеюі. Бір қарағанда мәселе деуге аузың бармайды. Бірақ, бүгінгі қазақ шетелдік және мән-мағынасыз есім қоюды мықтап мақсат еткен сыңайлы. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлтымыздың ұмыт қалған тарихи тұлғаларының есімі қайта оралады деген үміт болып еді. Расында ардақты есімдер оралып жатты ортамызға. Тіпті қазақты қойып, сақтар дәуіріндегі Тұмар ханымның грекше атауы – Томирис аты жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жамыра жарияланып жатты тұс-тұстан. Халықтың шығармашылығында шек жоқ. Азиада, Сәммитхан, Дағдарыс сынды есімдерді былай қойғанда, шетелше естілетін есімдер көбейіп кетті. Даяна, Диана, Эланора, Даниел, Раяна, Ситоралар қаптап жүр ортамызда.

Соңғы күндері шетелдік сериалдардың кейіпкерлерін арамыздан көрсеңіз, таңғалмаңыз. Байрон, Жасмин, Надирлерді де осы күні ортамыздан жиі кездестіреміз. Заты қазақ болғанымен, аты белгісіз азаматтарымыз көбеюде. Бүгінде қазақ зиялылары қоғамдағы есім қою мәселесіне зер салып, дабыл қағуда. Жазушы Дулат Исабеков бір сұхбатында: «Түрік сериалдары қызық шығар, көрсін, қызықсын, бірақ, кейіпкерлердің аттарын балаларына есім қылып беріп жатқаны менің күлкімді келтіреді. Ол бала есейгенде қалай өмір сүреді? Біздің қазақ қашан өзінің қазақ екенін ұғады?», - деп налиды.

Бірнеше он жылдықтан кейін бүгінгі жас бүлдіршіндер өсіп, қоғам жаңарады. Егер, баламызға мәнсіз есім қоюды осылайша жалғастыра берсек, қазақ қоғамы ағылшындық, грек, француз, неміс, түрік, үндіс, кәріс сынды шетел есімдерінен құралған ала-құла яғни, түсініксіз аралас дүниені қалыптастыратыны сөзсіз. Қазақилығымыздан түр әлпетіміз ғана қалмаса игі болар еді.

Қазақтар дүние есігін жаңа ашқан сәбиге есім беруге аса мән берген халық. Бұл істе елді таңғалдыруды немесе басқалардан өзгешеленіп тұруды олар әсте, көздемеген. Балаға есімді ырымдап, жақсылық ниетпен, болашағы жарқын болсын, соған септігі тисін деген игі тілекпен есім береді. Мысалы Ұлтуар, Ұлту, Ұлтуған деген аттар бар. Осыдан кейін ұл тусын деген ниетпен қояды. Шетіней берген соң тоқтасын, аман болсын деген ниетпен Тұрсын, Тоқтасын, Жүрсін деп қояды. Немесе тіл-көзден сақтасын деген ниетте Жамаубек, Шұлғаубай, Көтібар, Жаманбай деген есімдер берілген. Яғни мұндай есімнің өзі тегіннен-тегін қойылмаған. Кез келген отбасы дүниеге келген баланың болашағына қамқорлықпен келіп ат іздейді. Тіпті кейде айналасындағы жақын туыстарымен ақылдасады, ауылдағы, әулетіндегі, еліне еңбегі сіңген азаматтардың атын қояды.

Түйін. Қалай десек те, бүгінгі қазақ таңқаларлық ат қоюдан жаһанның есім ойлап тапқыштарынан қалыс қалып жатқан жоқ. Кеңестік дәуірде қойылған Колхозбай мен Советкүл деген есімдеріне бүгінгі ұрпақ таңқала да түсіне алмай қарайтыны шындық. Уақыт өте бүгінгі қоғамның «ерекше» есімдеріне болашақ ұрпақтың қырын қарамауына кім кепіл?

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS+», №3 (51), 2014 жыл, 31 наурыз.