Қазақ жануарларға талғампаздықпен қарайды. Талғампаздығы сол, кез келген малғұнды ошақ қасына жақындата бермеген. Ал мыңдаған жыл адамзатпен бірлесе өмір сүріп келе жатса да мысықты неліктен босағасынан аттатты екен?

Мысықтар шынымен сиқырлы жануар ма?

Адам мен мысық екеуі 6 мың жыл бұрын танысқан екен. Бүгінде кейбір тарихшылар 9 мың жыл бұрынғы кішкентай мысықтардың сүйегі мен адам қаңқасы табылды деген деректерді жиі айтып жүр.

Мысыққа байланысты наным мен ырымдар бүгінгі күнге дейін біздің өмірімізден көрініс тапқан. Мысалы, мысырлықтар мысық жануарын қастерлеп, оны бұл дүние мен о дүниені жалғастырушысы деп қадір тұтқан. Мысықтың нендей қасиеттеріне бола қастерлеп, ай ханшайымы Бастетке балап, оған арнайы сарай салдырғанын кім білсін. Мысырлықтар фараондарының соңғы сапарында құрмет көрсетілетіндей, киелі жануарларын да бальзамдап, арнайы саркофагтарға салып, құрметпен ана дүниеге шығарып салған екен. Ал жапондықтар мысықты өздерінше қастерлейді. Күншығыстықтар да мысықтардың құрметіне Манеки-Неко храмын салдырған. Мәселен тасбақа түстес мысықтың мүсіні ақша шақырады деген ниетпен баспанасының көрнекі жеріне қояды. Күншығыс елінде қайтыс болған бабаларының жаны мысықтарға ауады деген сенім бүгінгі күнге дейін сақталған. Орыс халқы жаңа үйге қоныстанбас бұрын үйіне әуелі мысықты кіргізген. Мысық үйді жаман күштерден тазартады, олар адам көзіне көріне бермейтін тылсым дүниені көріп, сол дүниемен байланыс орнататынына сенген. Ғылыми тілмен айтқанда мысық үйдегі теріс энергиясы көп жерді арнайы таңдап алып, жағымсыз қуатты әлсірететін көрінеді. Бұл қасиеттердің барлығы да мысық болмысының құпиялығын арттыра түсіретіні рас. Осы уақытқа дейін мысық тышқан аулау үшін жаратылған деп ойлап келгеніміз даусыз. Алайда, өзі мекендеген баспананы жамандықтан тазартып, ондағы тыныштық пен берекені сақтау негізгі міндеті екеніне ғалымдар бізді иландыруда. Осы сынды теорияның қаншалықты шындыққа жанасатынын білу мақсатында заманауи ғалымдардың зерттеу жұмыстарына үңілсек.

Төрт аяқты экстрасенстер

Ғалымдардың айтуынша мысықтар сезімдік емес қабылдаумен, яғни, халық арасында мысықтың «үшінші көзі» бар дегенмен ерекшеленеді. Ішкі сезімдік қабылдауды зерттеуші ғалым Джозеф Венк Райн ұзақ уақыт бойғы зерттеу жұмыстарынан кейін мысықтарда паранормалды қабілет пен телепатиялық көріпкелдігі барын анықтады. Олар қожайыны тап болатын қауіпті, жамандықты алдын-ала сезетін қасиетке ие. Кейіннен Нобель сыйлығының иегері Нико Тинберген мен оның әріптесі Роберт Моррис мысықтардың психокинезді қолдана білу мен көріпкелдік қабілеттілігі барын дәлелдеп шықты. Қауіпті алдын ала сезетін жануарды кемелер, тұңғиық кемелер т.б. қауіппен байланысы бар жерлерде мысықты ұстау – өмір талабына айналғалы қашан. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде төбеден жаудырған бомбалардан мысықтар иелерін құтқарғаны туралы деректер көп-ақ. Қауіпті сезінген жануар бүктетілген күйі жатып алады екен. Мысықтың апатты жағдайды сезінетін қабілеті үшін Европада тіпті «Біз де Отанға қызмет етеміз» деген марапатты көптеген адам өмірін сақтап қалған мысықтарға ұсынған. Олар қауіпті ғана емес, ауа райының өзгерісі, қонақтың келуін де сезеді екен. Немістің атақты биохимигі Хельмут Трибуч мысықтар оң зарядталған иондар мен атомдарды атмосферада ұстап, адам құлағы естімейтін айналадағы магниттік кеңістіктегі кішкене ғана өзгерістер мен дауыстарды қабылдай алады деген. Сезімтал жануарды зерттеп жүрген мамандар мамық жануарды адам мен адам санасы қабылдай алмайтын кеңістік арасын жалғаушы деп түсіндіреді. Дегенмен, біз бұл қасиеттерді нақты көре де, сезе де алмаймыз. Мысықтың ерекше қасиеттері жөнінде тек жорамал жасаймыз. Сондықтан да, мысық қабілеті өткен жүзжылдықтың құпияларының бірі болып қала бермек.

Мысық адам денсаулығына пайдалы

Жануарлардың адамның көңіл-күйіне жағымды әсер ететіні сонау Гипакрат заманынан белгілі. Адам мен жануар өзара қарым-қатынасқа түскенде биоэнергетикалық байланыс орнайды. Үй мысығының қожайынының ауырған жеріне жатып алуының өзіндік бір себебі бар екен. Емші жануар өзінің емдік қасиетімен ауруға әсер ете алады. Бүгінде медицинада «анималтерапия» деп аталатын салада адамдарды мысықпен емдеуге құлаш жая кіріскен. Мәселен, адам науқастанған кезде ағзасындағы ауыратын дене бөлігінде энергиялық әлеует өзгереді, ал бұл өзгерісті мысық сезеді. Мысық ауырған тұсқа орналасып, пырылдаған күйі бар энергиясын, жылуын жұмсайды. Мысықтың биоөрісі жүрек жұмысын қалыпқа келтіреді, шаршағанды басады, қан қысымын қалпына келтіреді тамыр және бас ауруын жазады. 20-50 герцке дейінгі белгілі дыбыс толқындарынан тұратын оның мияулауы адам ағзасының қорғаныш күшін арттырады, ұзақ өмір сүруге ықпал етеді, жараның жазылуын тездетеді, сүйек тығыздығын арттырады. Мысықты сипалау кезінде әлсіз тоқ арқылы электростатикалық әсер беріп, саусақ арқылы миға белгі жетеді. Ғалымдардың пайымдауынша, мысықтардың төмен желілік нүктелері олардың мамық та нәзік жүндеріне байланысты. Мысықтың мамығын бірнеше минут сипалаған адамның инфаркт, инсультке шалдығу қауіпі кемиді, талмалардың алдын алады, инфаркт миокардының қайталанбауына әсер етеді, ас қорытуды қалпына келтіреді, микробтарды өлтіреді, қан айналымының жақсаруына себеп болатындығын ғалымдар дәлелдеген. Ал, Батыс дәрігерлері мысықты есірткі мен ішімдікке қарсы дауа ретінде де пайдалана бастаған. Қара мысық адамның бойындағы жағымсыз энергияны басқа мысықтарға қарағанда көбірек сіңіреді екен. Сары мысықтар өздері жағымды энергия бөледі, ал аспан көк түсті мысықтар тыныштандырады. Аппақ мысықтардың бойында емдік қасиеті көп болғандықтан, Ұлыбританияда олар дәріханаларда сатылады. Берлин ғалымдарының зерттеу нәтижесі бойынша үйінде мысық ұстайтын адамдар мысық асырамайтындарға қарағанда 10,3 жыл артық өмір сүретінін дәлелдеген.

Мысықтың биіктіктен төрт аяқтап түсуі

Бұл құпияның сыры мысықтың ауада айнала түсіп, жерге төрт аяқтап түсуінде болып отыр. Алайда, бұл координациялық қозғалыстың арқасында болатын құбылыс. Мысыққа өзіндік теңгерімді ұстап тұруы үшін, сол теңгерімге кепіл беретін оның ішкі құлағы көмектеседі. Мысықтар төртінші қабаттан секіріп кейбірі өліп кетіп, керісінше кейбірі 7 қабаттан секіріп аман қалуы мүмкін. Мысықтардың қандай биіктіктен секіртсе де төр аяқтап түсетіндігі жайлы мәлімет тым әсерленіп айтылған дейді феолинологтар.

Мысық табиғи апаттардың боларын сезе ме?

Мысықтар жабайысы болсын, мейлі үй мысығы болсын жер «хабар» беретін сейсмикалық белгілерді ұстай алатыны анық. Оған дәлел жер сілкінісі алдында мысықтар өздерін қоярға жер таба алмай кететіні туралы деректер көп. Су тасқыны кезінде мысықтар ең биік жерге шығып кетеді. Ал, өрт, газбен улану сияқты апаттарда өздерін қорғай алмайды. Тіпті терезеден секіріп кету қабілеттілігі де бұл апаттарда іске аспайтын көрінеді. Өйткені, олар кез келген улы иістерге, яғни, газдарға қарсы төтеп бере алмай, ұйықтай кетеді.

Үйдің қорғаушысы

Мысық үйді жамандық пен кеселден, зұлым күштерден қорғайды. Мамық жүнді жануар тышқандарды аңшылық қабілетінен айырылып қалмай және баға жетпес тәуелсіздігін жоғалтып алмас үшін аулайтын көрінеді. Көзден сақтайтын қасиетін білгендер үйіне қара мысық ұстайды екен. Олар басқа мысықтарға қарағанда негативті энергияны жоюға үстемдігі мол. Мамық жануар адамға басқа жануарлар секілді адалдықпен қызмет етпейді. Турасында өзімен-өзі, жеке жанымызда жүреді. Мысықтан адалдық пен сенімділік іздеу қателік. Алайда, сіздің үйге қауіп төнген уақытта мысық әрдайым қасыңыздан табылатынына сеніңіз. Иесінің жағдайы ауыр болғанын сезінсе, мысық қожайынынан ұзақ уақыт бойы алыстамайды.

Мысық пен әйелдер

Көне дәуірге тән суреттерде мысықтар әйелдердің жанынан табылады. Христиан, исламдық діндерге дейін мысықтар әйел бейнесімен байланысты тәңірлермен қатынасы болғаны мәлім. Мысырлықтардың Бастет, гректердің Артемида, римдіктердің Дианасы, скандинавтардың Фрейясы мысық бейнесінде немесе осы жануармен байланысы болған. Христиандық дін дәурен құрған елдерде мысықтардың рөлі кемігені анық.

Экзотикалық жануар

Үй мысықтары әлемде өз орнын адамның қасынан тапқан бірден бір жануар. Малғұндар арасындағы адамның баспанасына қожайынның өз еркімен кіргізілген мысық қана. Адам мен мысықтың кездесуінен яғни, көне мысырлық уақыттан бері мысықтар әлемді бағындыра бастады. Мысықтарды қорғап, қастерлеп, аялап жүрген мысырлықтар бұл жануарды саудалауға тыйым берген. Алғашқы мысық Жерорта теңізінің жағалауына көнеримдік легиондар арқылы заңсыз түрде жеткізілген. Олар мысыққа ерекше экзотикалық жануар ретінде қызығушылық танытқан көрінеді. Ал, дәнді-дақылдарын тышқандардан сақтап қалу үшін олар күзендерді қолданған. Мысықтардың күзет саласынан ойып орын алуы үшін 900 жыл уақыт керек болыпты.

Түйін. Ежелден бері мысық адамды жағалап жүр. Ол сырға толы басқа әлем мен мына жалғанды жалғастырушы жануар ма? Белгісіз. Дегенмен, оны құпиялы мен таңғажайыппен байланыстырғысы келетіндер көп-ақ. Расында, мысық Жаратқанның келесі таңғажайып жаратылыстарының бірі ғана болар.

Жанар ӘБДІҚАЛИҚЫЗЫ

«SMS+» №6-7 (54-55), 2014 жыл, 27 тамыз.